«Самұрық-Энерго» АҚ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты аясында жүзеге асырылар шаруалар ретін анықтады.
Электр энергиясын тұтыну деңгейінің өсуіне байланысты жаңа энергия үнемдеуші технологияларды енгізу және электр энергиясын өндіруді арттыру қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр, - деді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев 26 қараша ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. Бүгінгі күні «Самұрық-Энерго» АҚ-ның инвестициялық қоржынында 14 жоба бар. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы электр энергияның тапшылығына байланысты туындаған мәселені шешуге және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Олардың ішінде 6 жоба Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Балқаш ЖЭС-ның құрылысы; Екібастұз ГРЭС-1-нің қуаттылығын кеңейту және жетілдіру; №3 энергоблогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні қайта құру және кеңейту; Шардара ГЭС-ын жетілдіру; Алматы қаласы мен Алматы облысындағы қосалқы бекеттер құрылысының жобалары және бірінші кезекте «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін электр энергиясымен қамтамасыз ететін қуаттылығы 45МВт-тық Ерейментау жел паркінің құрылысы аяқталады.
Компания энергетиктердің кәсіби мерекесі күнін Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 –де жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі энергоблокты іске қосу арқылы атап өтпекші. Бұл іске қосу-реттеу жұмыстары станцияның белгіленген қуаттылығын 3500 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. 19 жылдық үзілістен кейін станцияның көрсеткіш тақтасында қуаттылығы 500 МВт-ты құрайтын №2 энергоблоктың жұмыс істеу параметрлері көрсетілген жаңа жол пайда болады.
Серпінді жобалар
Болашақ жайында айтар болсақ, «Самұрық-Энерго» әріптесі Samsung C&T компаниясымен Балқаш ЖЭС құрылысы бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде. Станцияның жобалық қуаттылығы – 1320 МВт. Станцияның құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзімді кезеңге жоғарлатуға мүмкіндік береді. Балқаш ЖЭС-да қолданылатын технологиялар энергоблоктардың тиімділігін арттырып, отынның салыстырмалы шығынын азайтады. Пайда әрекет коэффициентінің анағұрлым жоғары болуына орай бүгінде жұмыс жасаушы станциялармен салыстырғанда сағатына 10 млрд кВт өндіру барысында көмір үнемділігі 900 мың тоннаны құрайды.
Ерейментау қаласында құрылысы жүргізіліп отырған жел паркінің қуаттылығы 95 МВт-қа дейін кеңейтілетін болады. «Астана қаласында ұйымдастырылған энергетика хартиясының отырысы барысында біз Ерейментаудағы құрылыстың екінші кезеңі үшін Еуропалық қайта құру және даму банкімен несиелік келісімшартқа қол қойып, станцияны кеңейтуге мүмкіндік алатын боламыз. Аталған несие бұл өңірде алғаш рет ЕҚДБ тарапынан құрылған таза технологиялар қорын қамтамасыз ететіндігі аса маңызды болып табылады», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы. Сәтқалиев мырзаның айтуы бойынша компания оңай ақшаға қол жеткізді. Сөз 20 жылға берілген жылына 1,25% шамасында төленетін үстеме мөлшерлеме жайында болып отыр. Ол тарифтердің тұрақтылығын, жалпы жаңартылатын энергия көзі секторындағы аталған жобаның зор жетістікпен жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Сақадай-сай әзірлік
Сондай-ақ, брифинг барысында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы биылғы қыста электр энергиясын жеткізумен қиындық туындамайды деп сендірді. Сондай-ақ, Сәтқалиев мырза: «Біз отынмен қажетінше қамтамасыз еттік және әзірлік паспортын қолға алдық, мұның барлығы қандай да бір келеңсіз апаттық жағдайлардың орын алмауына кепілдеме береді»,- дегенді баса айтты.
Электр энергиясы салаларын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында шекті тарифтердің (2009 жылдан 2015 жылға дейін – «ЭК») қызмет ету кезеңінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қайта құруға, активтерді техникалық қайта қаруландыруға, электр энергия өндірісінің деңгейін және табиғатты қорғау шараларына қолдау көрсетуге бағытталған қаржыландыру көлемі шамамен 580 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, 2014-2015 жылы бұл мақсатқа 278 млрд теңге жұмылдырылатын болады.
«Самұрық-Энерго» АҚ тобының генерациялаушы еншілес және тәуелді қоғамдарының арасындағы инвестициялар қалыптасқан және қолдағы бар қуаттылықтың арасындағы айырмашылықты 842 МВт-қа немесе 31%-ға дейін қысқартуды қамтамасыз етті (ГРЭС-1 блогын қосу арқылы бұл көрсеткіш 1330 МВт-қа жетті – «ЭК»). Қалыптасқан қуаттылықты пайдалану коэффициенті 8,2%-ға жоғарлады (32,3%-дан 40,5%-ға дейін). Қоршаған ортаға әсер етуді төмендету бойынша ауқымды бағдарлама қатарлас жүзеге асырылды. Екібастұз ГРЭС-1-дің және ГРЭС-2 –нің барлық қызмет етуші блоктарына электр сүзгілерін орналастыру нәтижесінде күлтұтқыштардың тиімділігі бірнеше есе артты. Ал ол өз кезегінде ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемін айтарлықтай қысқартты.
Ауқымды жетілдіру бағдарламасы электр энергиясын шығару және тарату секторында да жүргізіледі. 5 еншілес активтер бойынша, атап айтсақ Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында ұсынылған жергілікті электр желілік және энергия өткізу компаниялары мен Алматы энергия тораптары бойынша 2014-2015 жылдардағы инвестициялардың көлемі 39,5 млрд теңгеге жетті. Энергия қауіпсіздігі көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан энергетиктер 2015 жылды жаңа тарифпен қарсы алуға үміттеніп отыр.
«Бізге тиесілі кәсіпорындар бойынша ҚР-ның Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне өтінім бердік. Біздің өтінімдер 7-8 пайыз шамасында. Сөзсіз, біз тарифтердің деңгейіне қатысты мемлекет тарапынан әділ және әлеуметтік жағынан жауапкершілігі мол шешім күтеміз», - деп қосты «Самұрық-Энерго» басшысы.
«Ағымдағы жылы 2015 жылғы электр энергияның баға белгілуін анықтайтын екі маңызды факторлар атап өтілді»,- деді топ-менеджер. Оның айтуы бойынша, бұл - газ бағасының және KEGOC тарифының өсу факторлары. «Мысалы, Ақтөбе қаласында көтерме газдың бағасы бес есе, Алматы қаласында екі есе артқан. Сонымен қатар кірістің қажетті деңгейін қамтамасыз етумен, ауқымды инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуымен байланысты, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында «Солтүстік-Оңтүстік» үшінші транзитінің құрылысы бойынша, KEGOC тарифі жоғарлаған», - деп мойындады Сәтқалиев мырза.
Дамыту мақсатындағы оңтайландыру
«Самұрық-Энерго» АҚ келесі жылы акцияларын биржаға орналастыруды көздеп отыр. «2015 жылы ІРО-ға шығу жоспарымызда бар. Біздің тарапымыздан ұсынылатын акциялар пакеті жеке тұлғалар үшін де, қоржынды инвесторлар үшін де айтарлықтай қызықты болып табылатындығы сөзсіз. Компания акцияларының шамамен 20-25 пайызы биржаға шығарылады. ІРО-ға шықпас бұрын қыруар шаруа атқаруға тиістіміз. Бірінші кезекте, активтерді жекешелендіру бойынша барлық блоктарды аяқтап, жекешелендіру бағдарламасына енгізілген 11 актив жеке меншік секторға жүзеге асырылуы қажет. ІРО бойынша компанияның соңғы құны компанияда қалатын активтерге, олардың табысы мен шығындарына байланысты анықталатын болады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Генерациялау секторындағы инвестициялар қалыптасқан және қолдағы бар қуаттылықты 842 МВт-ға немесе 31%-ға қысқартуды қамтамасыз етті.
Елбасының тапсырмасымен 2014 жылы «жекешелендірудің екінші толқыны» қолға алынғандығын еске саламыз. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында жалғыз акционер – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ тарапынан бәсекелестік ортаға тапсырылатын «Самұрық-Энерго» компаниялар тобының нысандары мен ұйымдар тізімі бекітілді. 2014 жылы «Самұрық-Энерго» компаниялар тобындағы «Жамбыл ГРЭС» АҚ-ның 50% акциясы, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның 100% акциясы, «Шығыс Қазақстан Өңірлік Энергетикалық Компаниясы» АҚ-ның 100% акциясы, «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің 100% қатысу үлесі, «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның 75%+1 акциясы сатылымға қойылды. Ал алматы энергия кешенінің кәсіпорындары («Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Алматыэнергосбыт» ЖШС) келесі жылы сатылымға шығарылады.
Активтерді жүзеге асырудан түскен пайданы негізгі бизнесті дамытуға бағыттау, соның ішінде жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалар арқылы энергетикалық қуаттылықты біртіндеп, кезең бойынша өсіру жоспарланған. Компанияның басты міндеті жаңа мүмкіндіктер үшін және Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту үшін сенімді энергетикалық база құру болып табылады.
* 2014 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша.
Дереккөз: Эксперт Казахстан