"Самұрық-Қазына" АҚ делегациясы Мәскеуде цифрландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

884

31 Тамыз 2021

"Самұрық-Қазына" АҚ делегациясы Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында "Ресейдің Сбербанкі", «Mail.ru» және «Yandex» компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. 

Қор және портфельдік компаниялардың өкілдері "СберУниверситет" корпоративтік университетіне ат басын тіреп, онда Сбербанктің бизнес-экожүйелерін қалыптастыру тәжірибесі мен технологиялық шешімдерімен танысты. Тараптар қаржылық технологияларды дамыту жолдары мен қаржы институтының цифрлық өнімдері және инфрақұрылымдық, платформалық қызмет түрлерін талқылады.

Жаһандық трендтер мен болашақ бағдарына сай, "Самұрық-Қазына" АҚ жеке бизнес-экожүйелерін қалыптастырып, жаңа, қаржылық емес және денсаулық сақтау, энергетика, сумен қамту, робототехника және  цифрлық қауіпсіздік салаларындағы әлеуметтік маңызы бар қызметтерді дамытуды қолға алмақ.

«Mail.ru» және «Yandex» технологиялық компанияларының басшылығымен келіссөздер барысында тараптар өзара тиімді серіктестік мәселелерін талқылап, мәліметтерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын, "жасыл экономика" және мәліметтерді сақтау технологияларын дамыту жолдарын пысықтады. 

Келіссөздердің қорытындысы бойынша "QazCloud" ЖШС "Mail.ru. Цифрлық технологиялар" компаниясымен ниет Меморандумына қол қойды. Құжатқа сәйкес, қазақстандық компаниялар "Mail.ru Cloud Solutions" платформасына қол жеткізе алады. 

"QazCloud" ЖШС бас директоры Қасым Есергепов атап өткеніндей, "бүгінгі таңда ашық қоды бар мәліметтерді сақтау платформаларына деген сұраныс арта түскен. Олар үлкен инвестицияларды қажет етпей, цифрлық жобаларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа қызметтер платформаларын (PaaS)  қолжетімді етеді".