Жалғыз акционер

Қордың жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі. Үкімет Қорды және ұйымдарды басқаруға Қор туралы заңда және Қордың Жарғысында көзделген Қордың жалғыз акционерінің өкілеттіктерін іске асыру арқылы ғана, сондай-ақ Қордың Директорлар кеңесінде өкілдік ету жолымен қатысады. Үкімет пен Қордың өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары мен мәселелері Өзара іс-қимыл туралы келісімде регламенттелген.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың жалғыз акционері ретіндегі өз өкілеттіктерін және мемлекеттік реттеуге байланысты өкілеттіктерді ажыратады. Үкімет Қордың және ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын ұлғайту және активтерін тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру мақсатында Қорды басқарады.

Үкімет Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарында және актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қорға және ұйымдарға толық операциялық дербестік береді және Үкімет пен мемлекеттік органдар тарапынан Қордың және ұйымдардың ағымдағы және инвестициялық қызметіне араласуға жол бермейді. Қор Басқармасы, Қор Басқармасының төрағасы, ұйымдар органдары өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдау және кез келген іс-қимылды жүзеге асыру кезінде толық дербес және тәуелсіз болады.

Қордың жалғыз акционерінің шешімдері тікелей Жалғыз акционер қабылдауға тиіс міндеттердің тізбесі болады. Жалғыз акционердің айрықша құзыретіне жататын мәселелерге шолу төменде келтірілген. Бұл мәселелер стратегиялық және қаржылық нәтижелердің қорытындыларын шығару кезінде Қор үшін негіз қалаушы:

  • Қордың Жарғысын бекіту;
  • Қордың жылдық қаржылық есебін бекіту;
  • Қордың даму жоспарын бекіту;
  • Қордың корпоративтік басқару кодексін бекіту;
  • Қордың дивидендтік саясатын айқындау, есепті кезеңнің қорытындылары бойынша Қордың таза кірісін бөлу туралы шешім қабылдау, дивидендтерді төлеу туралы шешім қабылдау;
  • Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімдер қабылдау;
  • Қордың Директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
  • Басқарма төрағасын қызметке тағайындау және қызметтен мерзімінен бұрын босату;
  • Қордың Жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлік басқаруға беру;
  • Қордың Жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдау.

Жалғыз акционердің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелердің толық тізбесі www.sk.kz Қордың жарғысында ашылды.