БІЗДІҢ АДАМДАР

Денсаулық сақтау

Біз әр жұмыскерге әл-ауқат тақырыбына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға және жұмыста және одан тыс уақытта салауатты және бақытты өмір сүру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектесуге тырысамыз. Қор физикалық әл-ауқаттын жақсарту, өмір сүру сапасын жақсарту, денсаулықты жақсарту және өнімділікті арттыру үшін пайдалы әдеттерді қалыптастыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізеді.

Қор тобындағы денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы саласындағы мәселелерді басқару Қазақстан заңнамасының: Еңбек кодексінің, Денсаулық туралы кодекстің, Қазақстан Республикасының Санитарлық ережелері мен нұсқаулықтарының, Денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы саласындағы халықаралық талаптардың талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бес жылда кемінде бір рет өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша тәуелсіз мамандандырылған ұйымды тарта отырып аттестаттау өткізіледі, оның нәтижелері бойынша еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар кешені өткізіледі. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша денсаулығының нашарлауы себебінен еңбек қызметіне байланысты емес өлім-жітім саны 49 %-ға төмендеді, жұмыс орнында барлығы 27 өлім тіркелді, олардың 90 %-ы қан айналымы ауруларынан, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан туындаған.

Жұмыскерлер арасында жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары пайызының ықтимал себептерінің бірі – COVID-19 пандемиясынан кейінгі асқынулар немесе «постковид синдромы».

2022 жылы жұмыс орнындағы денсаулығының нашарлау жағдайларының саны 6 384-ке (2021 жылы 3 877) дейін өскені тіркелді. Денсаулықтың нашарлау жағдайларының көбеюінің себептерінің бірі – COVID-19 пандемиясы. 2022 жылы 201 463 жұмыскер (тексерілуге жататын 207 407 жұмыскер) мерзімді медициналық тексеруден өтті.

Денсаулықтың нашарлау жағдайларын азайту, сондай-ақ физикалық әл-ауқатты жақсарту, жұмыскерлердің өмір сүру сапасын арттыру үшін пайдалы әдеттерді қалыптастыру мақсатында портфельдік компанияларда мынадай жұмыстар жүргізіледі:

1)   жыл сайынғы медициналық тексеру, ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі жұмыскерлердің денсаулық жағдайына бақылау жүргізіледі; медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, сондай-ақ одан әрі бақылау, емдеу және оңалту бойынша ұсынымдар беріледі;

2)   халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен келісілген жұмыскерлерді сауықтыру және еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспары әзірленеді;

3)   жұмыскерлерді сауықтыруға бағытталған спартакиадалар, кәсіпорындарда және ПК-ның орталық аппараттарында спорттық іс-шаралар өткізіледі;

4)   медицина жұмыскерлері өндірістік объектілерде қан айналымы жүйесі ауруларының, темекі шегудің, алкоголизмнің, дұрыс тамақтанбаудың алдын алу бойынша дәрістер мен әңгімелер түрінде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізеді;

5)   жұмыскерлер санаторий-курорттық емделуге жіберіледі, сауықтыру мақсатында демалысқа материалдық көмек беріледі;

6)   «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да Қордың ұсынысы бойынша 4 индикатордан тұратын өндірістік қауіпсіздіктің жаңа көрсеткіші, оның ішінде басқарудың желілік және өңірлік деңгейлеріне каскадтаумен өліммен аяқталатын денсаулық жағдайының нашарлау жиілігінің коэффициенті белгіленді.

Дамудың одан арғы бағыттары

Біздің 2023 жылға арналған мақсатымыз – Қордың корпоративтік тиімділігі болып табылатын LTIFR 0,14 көрсеткішіне қол жеткізу. Сонымен қатар портфельдік компаниялардың ҚТК-ға жарақаттану жағдайларын азайтуға оң әсер етуі тиіс қауіпсіздік бойынша мінез-құлық бақылауларын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі карточкаларды тіркеу, мердігерлік ұйымдардың аудиттерін жүргізу және басқалары енгізілген.

Біз жұмыскерлердің қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру, топ-менеджмент көшбасшылығын дамыту, жабдықтың сенімділігін қамтамасыз ету және ТЖ алдын алу бойынша пәрменді әдістерді қолдану жөніндегі жұмысымызды жалғастыруға ниеттіміз.

Осы мақсаттар үшін Қордың Басқарма Төрағасы белгіленген мерзімдері бар 38 нақты іс-шарадан тұратын 2023 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірленді және бекітілді, оның ішінде:

  • қауіпсіздік мәдениеті бойынша барлық өндірістік персоналды 100 % оқыту;
  • ынталандыру жүйелерін енгізу және қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктің нақты өлшемдерін айқындау;
  • ең қауіпті жұмыс түрлерін қауіпсіз жүзеге асыру әдістері бойынша курстар әзірлеу және  жұмыскерлерді оқыту;
  • техникалық қайта жарақтандыру жоспарларының орындалуын әзірлеу және бақылау;
  • «Lockout/tagout» (LOTO) бұғаттау және таңбалау рәсімін енгізу;
  • есептілікті автоматтандыру және цифрлық шешімдерді қолдану бойынша жұмысты жалғастыру.

Оның ішінде портфельдік компаниялармен келесі құралдарды енгізу және қаржыландыру мәселесі пысықталуда:

  • теміржол жылжымалы құрамының жол жұмыстарын жүргізу орнына жақындағаны туралы автоматты түрде хабарлау;
  • вагондардың алға жылжуы кезіндегі қашықтықтан бейнебақылау жүйесі – «техникалық көру»;
  • жұмыскерлерді орналастыру жүйесі;
  • ірі габаритті техниканы қауіпті аймақтардың жарық индикаторымен жарақтандыру;
  • білезіктермен және басқа шешімдермен жұмыскерлердің денсаулығын бақылау.
  • жұмысты жүйелеу және ықтимал ТЖ-ға жедел ден қою үшін тұрақты жұмыс істейтін штаб құру;
  • Қорды және мемлекеттік органдарды тарта отырып, апатты, ТЖ жою бойынша командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізу;
  • жұмыс аймағының ауасындағы қауіпті заттардың ШРК асып кетуін автоматты режимде бақылауға мүмкіндік беретін қосымша аспаптарды талдау және қажет болған жағдайда орнату;
  • мердігерлік ұйымдарды басқару жөніндегі жұмысты жалғастыру.

2022 жылы мердігерлік ұйымдарда өндірістік қауіпсіздік саласындағы аудиттер кезінде анықталған сәйкессіздіктер саны 15 863 құрады, оның ішінде 14 707 жойылды. Осылайша, 2023 жылдан бастап Қордың компаниялар тобына кірмейтін мердігер ұйымдармен өндірістік қауіпсіздік саласында жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыру туралы шешім қабылданды. Жұмыстың алғашқы кезеңдерінің бірі мердігер ұйымдарда өндірістік қауіпсіздіктің жағдайы туралы есептілікті компанияларға енгізу болып табылады. Келер жылдан бастап объектілерде жұмыстарды жүзеге асыратын мердігер ұйымдармен компаниялардың өңірлік бөлімшелерінің басшылығымен тоқсанына кемінде 1 рет кеңестер өткізу жауапкершілігі бекітілді, бұл мердігер ұйымдар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қор өндірістік қауіпсіздік жүйесін жетілдіруде жүйелі жұмысты жалғастырады және көшбасшылық танытатын және еңбек қауіпсіздігі талаптарын саналы түрде сақтайтын компаниялар тобының әрқайсысын қолдайды, әріптестерін осыған шақырады.