0%

Басқарма Төрағасының үндеуі

2025 жылы Қор тобы тұрақты нәтижелер көрсетіп, нарықтық құбылмалылық жағдайында активтердің табыстылығын қамтамасыз ету қабілетін растады.

Есепті жылдың соңындағы активтер құны 44,2 трлн теңгені құрады. Кірістер 15%-ға артып, 21,2 трлн теңгеге жетті, ал ел бюджетіне төленген салықтар көлемі 9%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік салық түсімдерінің әр он екінші теңгесін Қор тобы қамтамасыз етеді. 2021 жылдан бері Қордың меншікті ресурстары негізінде активтер ұлттық валютада шамамен 46%-ға өсті. Соңғы жылдары Қор бюджетке түсетін негізгі көздердің бірі ретінде тұрақты орнын сақтап келеді.

Топтың қаржылық тұрақтылығы «үлкен үштіктің» рейтингтерімен расталды: Fitch (BBB, тұрақты), Moody's (Baa1, тұрақты), S&P (BBB-, позитивті). Біз қарыз жүктемесінің консервативті деңгейін ұстап тұра аламыз: таза қарыздың EBITDA-ға қатынасы 1,44 құрайды. Мұндай қаржылық тәртіп бізді ірі егемен қорлармен бір қатарға қойып, Топтың барлық міндеттемелерді орындау және ұзақ мерзімді даму стратегияларын жүзеге асыру үшін қаржылық тұрақтылық қоры жеткілікті екенін көрсетеді.

Бүгінде Топтың жеті компаниясының акциялары халықаралық биржаларда саудаланады, олардың жалпы нарықтық капиталдандыруы 44,9 млрд АҚШ долларын құрайды (2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша).

Жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын, елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа жоғары технологиялы өндірістерді құруға бағытталған 10 инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды. «Талдықорған–Үшарал» газ құбырын салу Жетісу облысының 84 елді мекенін газбен қамтамасыз етеді. «Достық–Мойынты» теміржолын жаңғырту (2-ші жолдар) Қытай–Еуропа дәлізінің өткізу қабілетін бес есеге арттыруға мүмкіндік берді. Кендірлідегі тұщыландыру зауыты Маңғыстау облысындағы ауыз су тапшылығы мәселесін шешті.

Бүгінде Қор ұзақ мерзімді тұрақтылыққа, декарбонизацияға және цифрлық трансформацияға назар аударып отыр. Біз бүкіл Топта ESG (экология, әлеуметтік жауапкершілік және басқару) қағидаттарын енгізу, сондай-ақ активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні белсенді пайдалану бойынша мақсаттар қойып отырмыз.

Қордың басымдығы ретінде қауіпсіздік стандарттарына адалдық сақталуда: 2025 жылы жарақаттану коэффициенті (LTIF) 0,12-ге дейін төмендетілді¹.

Төмен көміртекті даму тұжырымдамасы шеңберінде Жаңаөзенде қуаты 50 МВт күн электр станциясы (КЭС) іске қосылды және елде алғаш рет SANY RE жел турбиналарының компоненттерін өндіру қолға алынды. Іске асырылып жатқан жаңартылатын және төмен көміртекті жобалардың жалпы қуаты 6 ГВт-тан асады — бұл елдегі осындай бастамалардың шамамен 60%-ы. Топтың көміртек сыйымдылығы кіріс бірлігіне шаққанда 14%-ға төмендеді. Елдің гидроэнергетикалық әлеуеті белсенді дамуда: жалпы қуаты шамамен 900 МВт ірі гидроэлектр станциялары (ГЭС) және гидроаккумуляциялаушы станциялар жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар заманауи отын инфрақұрылымы құрылуда, оның ішінде орнықты авиациялық отынға көшуді қамтамасыз ету үшін Ақтөбедегі жаңа кешен бар.

Қор тобында жасанды интеллект қолданылатын 62 жоба іске асырылуда. Топтың 236 000 жұмыскері цифрлық дағдыларға оқудан өтті. Алдағы екі жылда басқарушылық шешімдердің 70%-ы жасанды интеллектінің қолдауымен қабылданатын модельге өту жоспарлануда.

Қайырымдылықтың бірыңғай операторы — «Samruk-Kazyna Trust» Корпоративтік қоры арқылы 2025 жылы денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет саласында 13,2 млрд теңгеге 39 жоба іске асырылды. 1 миллионнан астам адамға көмек көрсетілді, 600 жұмыс орны құрылды. 

Инклюзия мәселелеріне ерекше назар аударылады. «Ainala» жобасы аясында Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жылына 800 баланы қамтитын 5 оңалту орталығы ашылды. 2021 жылдан бері елімізде ерте араласу орталықтарынан бастап менталды бұзылыстары бар балаларға арналған мекемелерге дейін жалпы саны 55 осындай орталық ашылды. 21 000-нан астам бала тегін көмек алды. 

Бүкіл ел бойынша 700 000-нан астам тұрғынға қызмет көрсететін 19 спорттық кешен мен 2 000-нан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін 31 инклюзия қолдау кабинеті жұмыс істейді. Кадрларды дамыту саласында 160 мыңнан астам адам біліктілігі мен кәсіби дағдыларын арттырды, ал Топтың мамандары AtomSkills және Hi-Tech 2025 халықаралық чемпионаттарында 15 жүлделі орын иеленді.

Орта мерзімді келешекте Қор корпоративтік басқарудың озық стандарттары мен тұрақты инвестициялық стратегияларды енгізу арқылы портфельдік компаниялардың құнын ұлғайтуға назар аударады. 2026 жылдың соңына дейін басқарудағы активтерді 50 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. 2032 жылға қарай — таза активтер құнын екі есе арттыру, ESG-рейтингінің 70-ші перцентиліне жету, көміртек ізін 10%-ға азайту. Алматы ЖЭО-2 жаңғырту мен жаңа теміржол желілерін салуды қоса алғанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатары іске асырылуда. 2020–2025 жылдары 23 млрд АҚШ доллары инвестициясы тартылды; 2026–2030 жылдарға тағы 27 млрд АҚШ долларын тарту мақсаты қойылған.

Біздің мақсатымыз — тек сандық өсу ғана емес, сонымен бірге бүкіл портфельдің тұрақтылығын, технологиялылығын және жалпы инвестициялық тартымдылығын нығайту.

  1. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2024–2028 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін дамыту стратегиясына сәйкес LTIF көрсеткіші (жұмыс уақытын жоғалтумен жарақаттану коэффициенті) мына әдіс бойынша есептеледі: еңбекке жарамсыздыққа әкелген жазатайым оқиғалардан зардап шеккен Қор тобы жұмыскерлерінің саны 1 миллион адам-сағатқа көбейтіліп, есепті 12 айда жұмыс істелген адам-сағаттың жалпы санына бөлінеді. Коэффициент өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытындыға сәйкес ауыр өндірістік жарақатқа жатқызылған ауыр жазатайым оқиғаларды, оның ішінде өлім жағдайларын ескереді.