Омбудсмен
Омбудсмен «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару кодексі, Омбудсмен туралы ереже және өзге де ішкі құжаттар негізінде жұмыс істейді. Омбудсмен институты тәуелсіздік, бейтараптық, құпиялылық және бейресмилік қағидаттарын қолданады, жұмыскерлермен өзара әрекеттестіктің сенімді форматын ұстайды және өзара қолайлы шешімдер табуға көмектеседі.
2025 жылы Омбудсмен институтының қызметі корпоративтік омбудсмендер желісі, Омбудсмендер кеңесі және әлеуметтік-еңбек жағдайын мониторингтеу жүйесі арқылы Қор мен Топ компанияларын қамтыды.
Есепті кезеңде тәжірибе алмасуға және әдіснамалық қолдау көрсетуге бағытталған Омбудсмендер кеңесінің жеті отырысы өткізілді. Жыл соңындағы жағдай бойынша 12 портфельдік компанияның 8-інде омбудсменнің жеке лауазымы көзделген, тағы 3 компанияда бұл функция қоса атқарылатын модель бойынша бекітілген.
Топ компанияларының омбудсмендері мен жауапты жұмыскерлеріне адам құқықтары саласындағы тәуекелдерге проактивті ден қою, тиісті сақтық рәсімдерін жүргізу және әлеуметтік шиеленіс жағдайында қақтығыстарды басқару дағдыларын дамытуға бағытталған оқыту іс-шаралары ұйымдастырылды.
Еңбек дауларында және ереуілдер жағдайында басшылықтың еңбек ұжымдарымен өзара іс-қимылы бойынша іс-әрекеттердің болжамдылығын арттыруға және эскалация тәуекелін азайтуға бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қор әлеуметтік-еңбек жағдайын мониторингтеу Топ компанияларында да, мердігер ұйымдарда да тұрақты негізде жүргізеді. Негізгі құрал — жұмыскерлердің өтініштері, кадрлар тұрақсыздығы, сенім индексі және тәртіптік даулар туралы деректерді жинақтайтын әлеуметтік-еңбек тәуекелдерінің жылу картасы, бұл кеңейтілген контурда тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді.
2025 жылы Әлеуметтік тұрақтылықты мониторингтеу орталығына төрт байланыс арнасы бойынша 4 659 өтініш келіп түсті, олардың 1 748-і релевантты деп танылды.
Өтініштердің көздері
Қарау қорытындысы бойынша релевантты өтініштердің 98,05%-ы «жасыл» мәртебе, 1,94%-ы — «сары» мәртебе алды; «қызыл» мәртебесі бар өтініштер тіркелмеді.
Қарау нәтижелері бойынша: 1 541 өтініш реттелді; 98 өтініш бойынша фактілер расталмады; 23 өтініш бойынша расталған бұзушылықтар жойылды; 7 өтініш бойынша тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды.
2024 жылмен салыстырғанда ереуілдер саны 23-тен 9-ға дейін, бейне-өтініштер 82-ден 42-ге дейін қысқарды. Келіп түскен сигналдарды талдау жұмыскерлер үшін ең сезімтал тақырыптар жалдау мен еңбек шарттарының теңсіздігі, еңбекақы төлеу мәселелері, сондай-ақ еңбек құқықтарын сақтаудың жекелеген аспектілері болып қалатынын көрсетті.