0%

Қалдықтармен жұмыс істеу

GRI 3-3 GRI 306-1 GRI 306-2 GRI 306-3

Қор тобында қалдықтардың өмірлік циклінің барлық сатыларын — түзілуі мен есепке алынуынан бастап өңдеу, кәдеге жарату және қайта айналымға тартуға дейін — қамтитын қалдықтармен жұмыс істеу жүйесі құрылған.

Қалдықтарды басқару Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Әрбір өндірістік нысан үшін экологиялық рұқсат қолданылатын кезеңге арналған Қалдықтарды басқару бағдарламалары әзірленген. Бағдарламалар қалдықтардың пайда болу көлемін азайту мен оларды өңдеу үлесін арттыру бойынша нақты көрсеткіштерден тұрады.

Уранды өндіру және өңдеу секторында қатты (ҚРҚ) және сұйық радиоактивті қалдықтар (СРҚ) түзіледі. Оларды басқару Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. СРҚ-ның барлық көлемі қалдық қоймаларында орналастырылады, оларды пайдалану Регламентке және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Тау-кен металлургия секторында корпоративтік стандарттар мен қалдықтармен жұмыс істеу тиімділігін арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламалар, оның ішінде Zero Waste тұжырымдамасы аясындағы бастамалар әрекет етеді.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-да басқару тиімділігін арттыруға және әлемдік үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған 2023–2030 жылдарға арналған Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бағдарламасы іске асырылуда.

Біз қалдықтарды түгендеуді жүргіземіз және әрбір түр үшін олардың қауіптілік класын, уыттылығын, физикалық күйін және өзге де сипаттамаларын ескере отырып, оларды жинақтау әдістерін әзірлейміз. Барлық нысандарда қалдықтарды түрлері, көлемі мен сипаттамалары бойынша, оның ішінде қауіптілік дәрежесі бойынша жіктеуді қоса алғанда, жүйелі есепке алу жүргізіледі. Қалдықтарды есепке алу нәтижелері белгіленген есептілік нысанында, оның ішінде өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша тоқсан сайынғы есептерді, қалдықтарды түгендеу бойынша жыл сайынғы есептерді және қауіпті қалдықтардың паспорттарын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.

Қалдықтардың пайда болу динамикасы, млн т

Көрсеткіш 2023 2024 2025
Қауіпті қалдықтар 0,39 0,37 0,39
Қауіпті емес қалдықтар, оның ішінде: 99,2 110,1 116,9
күл-қож қалдықтары 8,9 8,8 8,1
аршу жыныстары 89,8 100,7 108,6
өзге де қауіпті емес қалдықтар 0,5 0,6 0,2
Барлығы 99,6 110,5 117,3

Кәсіпорындарда қалдықтармен жұмыс істейтін мердігер ұйымдарға мұқият бақылау жүргізіледі: сатып алу процесінде қажетті лицензиялардың болуы мен материалдық-техникалық базаның қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Қалдықтарды тасымалдау мен беру де бақылауда — мердігерлердің көлік құралдары GPS-трекерлермен жабдықталған.

Қор тобы қалдықтарының негізгі көлемі электр энергетикасы секторында қалыптасады — 98%, бұл салалық ерекшелікпен байланысты. Олардың 93%-ы көмір өндіру кезіндегі аршу жыныстарына, қалған бөлігі — көмір ЖЭО-лардың күл-қож қалдықтарына тиесілі.

Мұнай-газ секторына қалдықтардың жалпы көлемінің 0,4%-ы тиесілі, бұл орайда дәл осы секторда Топтың барлық қауіпті қалдықтарының 96%-ы, оның ішінде бұрғылау ерітінділері, мұнай қамтылған қалдықтар, пайдаланылған катализаторлар мен химиялық реагенттер түзіледі.

Қауіпті қалдықтар мамандандырылған кәдеге жаратуды талап етеді және бөлек жинау мен өңдеуге жатады. Оларды уақытша сақтау үшін кәсіпорындарда арнайы сақтау алаңдары жабдықталған — мамандандырылған ұйымдарға бергенге дейін 6 айдан аспайды.

Қалдықтарды басқару тәсілі және оларды азайту мен кәдеге жарату бойынша бастамаларды іске асыру

GRI 3-3 GRI 304-1 GRI 304-2 GRI 306-2 GRI 306-4

Қалдықтардың негізгі көлемі өңдеу, қайта пайдалану немесе кәдеге жарату үшін мамандандырылған ұйымдарға беріледі. Беру сәтіне дейін қалдықтар сақтаудың белгіленген мерзімдері мен талаптарын сақтай отырып, кәсіпорын аумағында уақытша орналастырылады, бұл қоршаған ортаға әсер ету тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Мұнай-газ секторында тарихи мұнай қамтылған қалдықтарды кәдеге жарату және ластанған жерлерді рекультивациялау бағдарламаларын іске асыру жалғасуда.

2025 жылы 338,8 мың тонна тарихи мұнай қалдықтары кәдеге жаратылды. 2018 жылдан бері 4,6 млн тонна қалдық өңделді, «Қаражанбасмұнай» АҚ келісімшарттық аумағындағы тарихи ластанулар толық жойылды.

Корпоративтік және офис орталықтарында біз қалдықтарды бөлек жинауды — пластик, алюминий және макулатураны — одан әрі өңдеуге берумен қоса енгіземіз. Мәселен, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-де экологиялық байқау аясында 30 мың дана пластик бөтелке мен алюминий банка жиналды, сондай-ақ 75 кг макулатура өңдеуге берілді.

2025 жылы қалдықтармен жұмыс істеу