Қайырымдылық қызмет

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы, ол «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын іске асырады.

Жалпы сомасына жобалар іске асырылды

13,2млрд теңге

Қайырымдылық жобаларының тікелей бенефициарларының жалпы саны

1 000 000-ға жуық адам

2025 жылы «Samruk‑Kazyna Trust» денсаулық сақтау, білім беру, инклюзияны дамыту, мәдениет, спорт және халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету салаларында жалпы сомасы 13,2 млрд теңгеге жобаларды жүзеге асырды. Бастамалар Қор компанияларының қатысу өңірлеріндегі коммерциялық емес ұйымдармен серіктестікте, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып және мемлекеттік қолдау шараларын толықтыруға бағытталып іске асырылды.

Қайырымдылық жобаларының тікелей бенефициарларының жалпы саны 1 млн-ға жуық адамды және жұмыспен қамтылғандар 600 адамды құрады.

Денсаулық сақтау саласында медициналық және оңалту көмегіне қолжетімділікті кеңейту, емдеудің инновациялық әдістерін енгізу және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар іске асырылды. Есепті кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 10 оңалту орталық ашылды, оның ішінде Алматы және Қызылорда қалаларында 2 ерте араласу орталығы, Түркістан, Қарағанды, Ақтау қалаларында аутизмі бар балаларға арналған 3 орталық, сондай-ақ елімізде алғаш рет Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында аралас форматтағы 5 «Ainala» орталығы ашылды. Қазақстанда емделуі мүмкін емес диагноздары бар 16 баланың емі қаржыландырылды.

Қор Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен еліміздің шалғай стансаларының тұрғындарына медициналық пойыз жүргізу арқылы білікті медициналық-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Медициналық пойыздар» жобасын іске асыруды жалғастырды. 2025 жылы шамамен 100 000 шалғай өңір тұрғыны сапалы медициналық және құқықтық көмек алды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету аясында егде жастағы адамдардың бос уақытын ұйымдастыру, денсаулығын нығайту және қоғаммен белсенді өзара іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы Тараз қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, Шымкент қаласында осындай орталыққа жөндеу жүргізілді; жалпы алғанда екі орталық жыл сайын 2 800-ден астам зейнеткерді қамтиды. «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты» РММ-нің 485 тәрбиеленушісі үшін 40 орындық, тұрақты және көшпелі тасымалды жүзеге асыруға арналған автобус сатып алынды. Сонымен қатар, 148 оқушы білім алып жатқан Атырау облыстық мектеп-интернатына мекеме тәрбиеленушілерінің тұрмыс және оқу жағдайларын жақсартуға бағытталған жиһаз, төсек-жабдықтары мен оқу материалдары сатып алынып, тапсырылды.

Инклюзияны қолдау саласында тек 2025 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қорының сарапшыларымен бірлесіп әзірленген бірегей формат бойынша Астана, Көкшетау және Құлсары қалаларында 17 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Осылайша, 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша 31 кабинет жұмыс істейді, нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 000-нан астам бала инклюзивті біліммен қамтылды, жоба аясында 459 кабинет маманы оқытылды. Спорт және шығармашылық бағыттары бойынша инклюзивті лагерьдің 5 маусымы ұйымдастырылып, оған 10–18 жас аралығындағы церебралды сал ауруы, психо-сөйлеу даму тежелуі, аутизм, көру қабілеті бұзылған 250 бала мен жасөспірім және олардың ата-аналары қатысты. Астана қаласының психикалық және моторлық бұзылыстары бар 35 баласы кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен велоспортпен айналысуда. Қосшы қаласындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған «Аққу» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (қазіргі уақытта 30 бала келуде) 10 дана мамандандырылған құрал-жабдықтар сатып алынды.

Сонымен қатар, Семей қаласында оқырман мәдениетін арттыруға және білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана ашылды. Кітапхананың жыл сайынғы қамтуы 16 200 адамды құрайды, 17 адам жұмысқа орналастырылды. Қордың қолдауымен Алматы қаласында Даун синдромы бар балаларға арналған орталық жұмысын жалғастыруда, ол жыл сайын 120 бала мен жасөспірімнің әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға интеграциялануына жәрдемдеседі.

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі мемлекеттік бастама шеңберінде 2025 жылы Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында Корпоративтік қор «Samruk Umiti» пилоттық жобасын іске қосты. Жоба жетім балалар үйлерінің 8–9 сынып оқушыларын колледждерге техникалық және жұмысшы мамандықтарына түсуге дайындауға, академиялық білімдерін дамытуға, кәсіптік бағдарлау, менторлық және қолдау арқылы саналы мамандық таңдауға және «Самұрық‑Қазына» АҚ портфельдік компанияларының кәсіпорындарына кейіннен жұмысқа орналастыруға бағытталған. Нәтижесінде, 9-сыныптың 31 түлегі колледждерге техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша оқуға қабылданды және тәлімгерлік бағдарламасы аясында компаниялар тобында жас мамандардың тәлімгерлері болды. Кәсіптік диагностика нәтижелері және инженерлік ойлау қабілеті ескеріліп, ел бойынша екі кезеңге 400 бала іріктелді, олардың жартысы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің балалары болды.

Білім беру саласында Жаңаөзен қаласының 56 студентін еліміздің түрлі оқу орындарында оқыту жалғастырылуда.

Астана қаласында қазақ-неміс мектебінің құрылысы басталды.

Спорт саласында инфрақұрылымды дамытуға және қолжетімді спорттық ортаны қалыптастыруға үлес қосылды. Ақмола облысының Қажымұқан ауылында, Маңғыстау облысының Дәулет ауылында және Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында жылына 25 000 адамды қамтитын 3 спорт кешені ашылды.

Мәдениет саласында есепті жылы Қызылорда қаласында жыл сайын өңірдің 68 мың тұрғынын қамтитын және 10 жұмыс орнын қамтамасыз еткен тарихи-мәдени мұра орталығы ашылды. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында Жошы ұлысының (Алтын Орда) 800 жылдығына арналған опера гастрольдік турлары ұйымдастырылды.

Дарынды жастарға арналған шығармашылық индустрияны дамыту аясында Оралда 25 000 адамға демалыс және даму мүмкіндіктерін ұсынатын «OzgeEpic Oral» шығармашылық хабы ашылды.

Серіктестермен жобаларды іске асыру жалғасты. 2025 жылы ExxonMobil Kazakhstan компаниясымен серіктестікте Атырау облысындағы әйелдерге STEM білім беру жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ерекше қажеттіліктері бар әйелдер мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарын қоса алғанда, 18 жастан 45 жасқа дейінгі 1000 әйел оқытылды, олардың 300-і сертификаттар мен жаттықтырушы болу мүмкіндігіне ие болды. Құлсарыда ашылған бес инклюзивті қолдау кеңсесі «Теңізшевройл» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды.

2026 жылға арналған жоспарлар

2026 жылы «Самұрық‑Қазына» Қоры қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды іске асыруды жалғастырады, негізгі назар инклюзияны дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениетті қолдауға, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға көмек көрсетуге бағытталады.

Инклюзивті ортаны қалыптастыру Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, осы бағыт шеңберінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту көзделген.

Атап айтқанда, Түркістан облысының Кентау қаласындағы «Дара бала» түзету орталығына барокамера сатып алу жоспарлануда. Бұл 2027 жылға дейін жыл сайын Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендерде тұратын психо-сөйлеу және сөйлеу дамуының тежелуі, сондай-ақ аутизм спектрі бұзылыстары диагноздары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 40–60 баланың тегін терапиядан өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қолжетімді білім беруді дамыту аясында еліміз өңірлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 10-нан астам инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорттық-инклюзивті жазғы лагерь ұйымдастыру қарастырылған, оның шеңберінде ата-аналарына психологиялық қолдау көрсетіледі.

Білім беру саласында «Жарқын болашақ», «Samruk Umiti», әйелдерге арналған STEM-білім беру және «Туған елге саяхат» бастамаларын қоса алғанда негізгі жобаларды іске асыру жалғасады, сондай-ақ 2026 жылы Астана қаласында Қазақстан-неміс мектебін ашу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласында Ұлттық балаларды оңалту орталығында заманауи жабдықтарды енгізу, сондай-ақ Түркістан облысында аудандық орталық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстарын бастау көзделген.

Спорт инфрақұрылымын дамыту Қонаев, Ақтөбе, Арқалық және Семей қалаларында 7 заманауи спорт кешенін, сондай-ақ Атырау, Павлодар және Петропавл қалаларында 3 инклюзивті спорт кешенін ашуды қамтиды. Астана қаласында 2026 жылы 1 300 электрвелосипед енгізу және 195 зарядтау станциясын орнату арқылы велопарктер жүйесін жаңғырту жоспарлануда.

Мәдениет саласында Атырау облысының Доссор кентінде және Жаңаөзен қаласында жаңа кітапханалар салу жобалары іске асырылады. Сонымен қатар, Алматы қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін Қастеев атындағы өнер мұражайын ашу 2026 жылға жоспарланған.

Аталған бастамаларды іске асыру әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.