Өндірістік қауіпсіздік
«Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның 2024–2028 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін дамыту стратегиясына және 2025 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік жөніндегі Іс‑шаралар жоспарына сәйкес өндірістік қауіпсіздікті дамыту жұмыстары төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді.
1. Адамдар: еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру
Есепті кезеңде соңғы бес жылдағы өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштеріне кешенді бағалау жүргізілді. Зерттеу ауыр және өлімге әкелетін оқиғалардың туындауына әсер ететін негізгі факторларды жүйелеуге, сондай‑ақ неғұрлым осал қызметкерлер санаттарының бейінін нақтылауға мүмкіндік берді.
Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамытудағы ілгерілеуді өлшеу мақсатында басшылар арасында сауалнама жүргізілді. Қор тобы бойынша еңбек қауіпсіздігі мәдениетінің орташа көрсеткіші 89%-ды құрап, 2024 жылғы деңгейден (87%) асып түсті.
Алынған нәтижелер тәуекелге бағдарланған тәсілді одан әрі дамытуға, персоналдың біліктілігін арттыруға және мердігер ұйымдармен әріптестік өзара іс‑қимылды күшейтуге негіз қалыптастырып, Қор тобы деңгейінде қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға ықпал етті.
2. Жабдықтарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік
2025 жылы портфельдік компаниялардың қатысуымен Қор тобы кәсіпорындарына өзара тексеру аудиттері жүргізілді, оның барысында 1 200‑ден астам сәйкессіздік анықталды. Сәйкессіздіктерді жою Түзету іс-шаралары жоспарына сәйкес қамтамасыз етілді.
«Техникалық қайта жарақтандыру жоспарларына» сәйкес персоналдың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жабдықтарды ауыстыруға мониторинг жүргізілді. 13 000‑нан астам техникалық құрылғы ауыстырылды, 170 бірлік автокөлік және арнайы техника сатып алынды, 116 ғимарат пен құрылысқа күрделі жөндеу жүргізілді.
3. Төтенше жағдайлардың алдын алу
Қауіпті өндірістік объектілерде, сондай‑ақ әкімшілік ғимараттарда төтенше жағдайларға әрекет етуге барынша дайындықты қалыптастыру мақсатында апатқа қарсы оқу‑жаттығулар мен өртке қарсы дайындықтар тұрақты өткізіліп отырды. Қор Шүлбі су электр станциясы аумағында көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу бойынша жаттығуға және «CASPI BITUM» бірлескен кәсіпорны ЖШС‑нің оқу‑апатқа қарсы жаттығуына қатысты.
Портфельдік компаниялар авариялық‑құтқару және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге 327 тексеру жүргізді; қауіпті өндірістік объектілерде 284 оқу дабылы, әкімшілік ғимараттарда 597 жаттығу және вахталық қалашықтарда 33 оқу‑жаттығу өткізілді.
4. Ақпараттық‑түсіндіру жұмысы
Жыл бойы мақалалар жариялау, бейнероликтер әзірлеу және көрсету, постерлер орналастыру, Қор тобы қызметкерлерінің балалары үшін ашық есік күндері мен шеберлік сабақтарын өткізу қамтылған белсенді ақпараттық‑түсіндіру жұмысы жүргізілді. 2025 жылы мынадай іс‑шаралар жүзеге асырылды:
- Қор мен портфельдік компаниялар Басқарма төрағаларының үндеулері жарияланды;
- алты портфельдік компанияда, оның ішінде мердігер ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен форумдар ұйымдастырылды;
- қауіпсіздік мәселелерінде белсенділік танытқан қызметкерлердің отбасы мүшелеріне 530‑дан астам алғыс хат жолданды;
- қызметкерлердің отбасылары үшін 120‑дан астам ашық есік күні өткізілді;
- портфельдік компаниялардың 10 финалисті қатысқан өндірістік қауіпсіздік олимпиадасы ұйымдастырылды.
Портфельдік компаниялармен бірлескен іс-шараларды іске асырудың арқасында 2025 жылы зардап шеккендер саны 2024 жылмен салыстырғанда 27%-ға төмендеді, LTIF 48 көрсеткіші 0,12 деңгейін құрады.
2026 жылға арналған жоспарлар және цифрлық құралдар
2026 жылы Қор өндірістік қауіпсіздік жүйесін аталған бағыттар бойынша дәйекті түрде дамытуды жалғастырады, соның ішінде апаттар, өрттер мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні қолдану жаңа бағыт ретінде енгізіледі.
Қазіргі уақытта жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында өндірістік қауіпсіздік жөніндегі чат‑бот‑ассистент әзірленіп, тәжірибелік‑өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Ол қауіпсіз шешімдерді іздеуге кететін уақытты қысқартуға арналған және «Әділет.kz» құқықтық ақпараттық жүйесінен Қазақстан Республикасының 48 000‑нан астам нормативтік‑құқықтық актісін, сондай‑ақ Қордың портфельдік компанияларының 340‑тан астам ішкі нормативтік құжаттарын қамтиды.
- Сәйкесінше, «Самұрық-Қазына» АҚ өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін дамыту стратегиясына (2024–2028 жылдарға арналған), LTIF (жұмыс уақытын жоғалтумен байланысты жарақаттану коэффициенті) – өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытындыға сәйкес ауыр өндірістік жарақатқа жататын, еңбекке қабілеттілігін жоғалтумен болған жазатайым оқиғалардан зардап шеккен компания қызметкерлерінің саны (оның ішінде қаза болғандар) 1 миллион адам-сағатқа көбейтіліп, есептік 12 айдағы жалпы жұмыс істелген адам-сағат санына бөлінеді.