Директорлар кеңесі және оның комитеттері
Директорлар кеңесінің жетекші рөлі
Қордың Директорлар кеңесі Жалғыз акционерге есеп беретін басқару органы болып табылады және стратегиялық басшылықты, сондай-ақ Қор Басқармасының қызметіне бақылауды жүзеге асырады. Өз қызметінде Директорлар кеңесі тиімділік, жауапкершілік және Жалғыз акционер мен Қордың мүдделерін сақтау қағидаттарын басшылыққа алады.
Директорлар кеңесінің өкілеттіктері Қор туралы заңмен, Корпоративтік басқару кодексімен және Қордың Жарғысымен айқындалған. Директорлар кеңесі заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, Жалғыз акционердің немесе Қордың атқарушы органының айрықша құзыретіне жататын мәселелерді қарауға уәкілетті емес.
2025 жылы Директорлар кеңесі белгіленген талаптар мен ішкі регламенттерге толық сәйкес қызметін жалғастырды. Негізгі назар орта мерзімді жоспарлауды іске асыруға, ірі инвестициялық жобалардың орындалуын бақылауға, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қадағалау жасауға аударылды. Басқарманың қызметінің нәтижелілігін бағалауға және негізгі тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге елеулі көңіл бөлінді.
Өз қызметінде Директорлар кеңесі шешімдер қабылдау кезінде тәуелсіздік пен объективтілік қағидаттарын ұстанады. Барлық мәселелер жан-жақты талдау, активтердің құнына ұзақ мерзімді ықпалын бағалау және ықтимал тәуекелдерді есепке алу негізінде қаралады. Корпоративтік басқару сапасын одан әрі арттыру мақсатында 2025 жылы Директорлар кеңесі:
- корпоративтік басқару жүйесін және ішкі нормативтік құжаттарды жетілдіруді жалғастырды;
- өзінің қызметі мен басқару рәсімдеріне тұрақты түрде бағалау жүргізді;
- Басқармамен және өзге де мүдделі тараптармен сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз етті;
- инвестициялар, активтерді басқару және стратегиялық даму салаларында халықаралық тәжірибесі бар тәуелсіз директорларды тартты;
- Директорлар кеңесінің мәселелері бойынша ақпаратты өңдеу, деректерді талдау және шешім қабылдау үшін ұсынымдар дайындау мақсатында жасанды интеллекттің заманауи технологияларын қолданды.
Директорлар кеңесінің мүшелері өз міндеттерін тиімді атқара отырып, Қордың стратегиялық тұрақтылығын және оның ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Негізгі мәселелерді неғұрлым терең пысықтау үшін Директорлар кеңесі жанынан Қор қызметінің тиісті бағыттары бойынша материалдарды алдын ала қарауды және ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асыратын комитеттер жұмыс істейді.
Директорлар кеңесінің құрамы46

Бектенов Олжас Абайұлы
Директорлар кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Сайланған күні: ақпан 2024 ж.
Білімі:
- Қазақ мемлекеттік заң академиясы (М. С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті) - құқықтану;
- Заң ғылымдарының кандидаты (диссертацияның тақырыбы: «Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың әкімшілік деліктілігінің алдын алудың ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелері»).
Еңбек қызметі:
- Олжас Абайұлы еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бөлімнің бас маманы ретінде бастады; 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді; 2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеді.
- 2009-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болды.
- 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) орталық аппаратында Департамент бастығы қызметін атқарды.
- 2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының хатшылығының меңгерушісі болды;
- 2016-2017 жылдары Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) департаментінің басшысы болды.
- 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары;
- 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары;
- 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.
- 2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2023 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
- 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды.
Ордендермен марапатталған:
- ІІ дәрежелі «Айбын» (2014),
- ІІ дәрежелі «Даңқ» (2021)

Досаев Ерболат Асқарбекұлы 47
Директорлар кеңесінің мүшесі,
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары
Сайланған күні: желтоқсан 2025 ж.
Білімі:
- Алматы энергетикалық институты;
- Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті.
Еңбек қызметі:
- 1997–1998 жылдары Ерболат Асқарбекұлы «Тұран-Әлем Банкі» ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Әр жылдары мемлекеттік қызметте бірқатар басшылық лауазымдарды иеленді:
- 1998 жылы – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі;
- 1998–2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
- 2000–2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі;
- 2001–2003 жылдары – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы;
- 2003–2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
- 2004–2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметтерін атқарды.
- 2012–2016 жылдары Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі; Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі; Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі лауазымдарын иеленді.
- 2016–2017 жылдары «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы болды.
- 2017–2019 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер‑Министрінің орынбасары қызметін атқарды, 2019–2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі төрағасы, 2022–2025 жылдары Алматы қаласының әкімі лауазымдарын иеленді.
- 2025 жылғы 19 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Вонг Хэн Файн
Директорлар кеңесінің мүшесі,
тәуелсіз директор
Сайланған күні: қазан 2024 ж.
Білімі:
- Бакалавр (инженер-механик), Лидс университетінің бірінші дәрежелі үздік дипломы;
- Магистратура (инженерлік өндіріс және менеджмент), Бирмингем университеті.
Еңбек қызметі:
- Х.Ф. Вонг әр түрлі салаларда (әзірлеуші, мердігер, кеңесші) басқарушылық лауазымдарда 40 жылдан астам тәжірибесі бар.
- Х.Ф. Вонг Cathay Organization, Sembcorp E&C, CapitaLand Residential Singapore және Surbana Jurong (SJ) сияқты жетекші жеке және қоғамдық компаниялардың дамуына үлес қосты. 2015 жылдан бастап Surbana Jurong компаниясының негізін қалаушы және бас директоры қызметін атқара отырып, компанияның алты есе өсуін қамтамасыз етіп, оны урбанистика, инфрақұрылым және басқару қызметтері саласындағы Азиядағы ең ірі консалтингтік фирмалардың біріне айналдырды. Оның басшылығымен Surbana Jurong бүкіл әлем бойынша 40-тан астам елде 120-дан астам кеңседе 16500-ден астам қызметкері бар жаһандық кадрлық әлеуетті қалыптастырды. 2022 жылдың қыркүйегінде зейнетке шықты.
- Х.Ф. Вонг бірқатар мемлекеттік ұйымдар мен жеке компаниялардың Директорлар кеңесінде, соның ішінде SusDev Pte Ltd, Asia Infrastructure Solutions Singapore, Fineland Holdings Pte Ltd, National University Health System Pte Ltd, Temasek Trust Ltd, China Harbour, Sunray Construction Pte Ltd, Changi Airport International Pte Ltd, GISI Consulting Group Inc, TT IPC Ltd.
- Х.Ф. Вонг COVID-19-ға қарсы күреске қосқан үлесі үшін «Қоғамдық қызмет жұлдызы» орденімен (BBM), NTUC May Day Awards 2020 Құрмет медалімен және iBuildSG Distinguished Fellow (Сингапурдың құрылыс басқармасы, BCA) құрметті мәртебесімен марапатталды, сонымен қатар оған сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеу (CPIB) бойынша Бюроның «Start Partner Award» сыйлығы берілді. Х.Ф. Вонг бұрын Корольдік бағалаушылар институтының мүшесі болған (RICS Fellow).

Жәмішев Болат Бидахметұлы
Директорлар кеңесінің мүшесі,
тәуелсіз директор
Сайланған күні: шілде 2022 ж.
Білімі:
- Қазақ ауыл шаруашылығы институты - Экономика;
- Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек қызметі:
- Болат Бидахметұлы әр жылдары мемлекеттік қызметте басшылық қызметтер атқарды: 1997 жылғы қарашадан 1999 жылғы наурызға дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі;
- 1999 жылғы наурыздан 2001 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі; 2001 жылғы маусымнан 2002 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі;
- 2002 жылғы ақпаннан 2003 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі;
- 2003 жылғы ақпаннан 2004 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары;
- 2004 жылғы қаңтардан 2006 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы.
- 2006 жылғы маусымнан 2007 жылғы қарашаға дейін Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) Басқарма төрағасының орынбасары;
- 2007 жылғы қарашадан 2013 жылғы қарашаға дейін - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
- 2013 жылғы қарашадан 2014 жылғы тамызға дейін - Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі болды;
- 2014 жылғы тамыздан 2019 жылғы сәуірге дейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы;
- 2020 жылғы сәуірден 2022 жылғы тамызға дейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымдарын атқарды.
- 2019 жылғы 2 қыркүйекте «Aitas KZ» АҚ тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
- 2020 жылғы 30 қазанда «Bank RBK» Банкі» АҚ тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
- 2022 жылғы 17 ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды;
Ордендермен, медальдармен марапатталған:
- «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендермен, медальдармен марапатталған.

Лука Сутера
Директорлар кеңесінің мүшесі,
тәуелсіз директор
Сайланған күні: шілде 2020 ж.
Білімі:
- Боккони университеті (Италия) - Бизнес экономика магистрі дәрежесі;
- IE Business School Халықаралық мектебі (Испания) - Global Executive MBA топ-менеджерлерге арналған MBA бағдарламасы;
- Дипломды бухгалтер (CPA);
- Дипломды директор (CIoD).
Еңбек қызметі:
- Лука Сутера 27 жылдық жұмыс өтілі бар қаржы және инвестициялар саласындағы тәжірибелі басшы, оның 20 жылы Еуропадағы, Ресейдегі және Таяу Шығыстағы жаһандық энергетикалық компаниялар мен тәуелсіз әл-ауқат қорларының қаржы директоры қызметін атқарды. Лука Сутера қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы, Италиядағы, Испаниядағы, Португалиядағы, Франциядағы, Ирландиядағы, Германиядағы үш қорға және 18 портфельдік компанияға инвестицияланған 10 миллиард еуро активтері бар еуропалық инфрақұрылымға маманданған жетекші еуропалық инвестицияларды басқару фирмасы Asterion Industrial Partners компаниясының операциялық серіктесі болып табылады.
- 2015 жылдан 2020 жылға дейін Asterion Industrial Partners-ке келгенге дейін Лука Сутера Катарда орналасқан мемлекеттік жаһандық энергетикалық компания Nebras Power компаниясының бас қаржы директоры қызметін атқарды. 2011 жылдан 2015 жылға дейін Лука Сутера Абу-Дабиде орналасқан мемлекеттік жаһандық энергетикалық компания TAQA-да Global Power & Water Division бас қаржы директоры лауазымын атқарды.

Мұхаммед Джамиль Исмаил Әл Рамахи
Директорлар кеңесінің мүшесі,
тәуелсіз директор
Сайланған күні: тамыз 2023 ж.
Білімі:
- Эвансвилл университеті (АҚШ) - Бизнесті әкімшілендіру (қаржы);
- Комплаенс бойынша диплом.
Еңбек қызметі:
- Мұхаммед Джамиль Исмаил Әл Рамахи Masdar компаниясының Бас атқарушы директоры болып табылады. Әл Рамахи мырзаның басшылығымен Masdar жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшы компанияға айналып, таза энергетика жобаларының портфелін 50 ГВт-тан астам деңгейге дейін ұлғайтты. Компания 2030 жылға қарай жобалар портфелін 100 ГВт-қа жеткізуді мақсат етіп отыр.
- Әл Рамахи мырза Masdar компаниясына алғаш рет 2008 жылы қосылып, шамамен бір жарым онжылдық бойы компанияда бірқатар басшылық қызметтер атқарды, оның ішінде 2016 жылы Бас атқарушы директор қызметіне тағайындалғанға дейін қаржы директоры және бас операциялық директор лауазымдарында болды.
- Әл Рамахи мырза Біріккен Араб Әмірліктерінде де, халықаралық деңгейде де бірқатар негізгі басшылық қызметтерді атқарады. Ол Masdar Атқарушы комитетінің төрағасы, сондай-ақ Masdar компаниясының АҚШ-тағы еншілес ұйымы - Masdar Americas және Пиреней түбегіндегі жобаларды дамытуға арналған Masdar платформасы - Saeta компанияларының төрағасы болып табылады. Сонымен қатар, ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі жаһандық кеңестің №7 Тұрақты даму мақсаты - «Баршаға қолжетімді және таза энергия» бағыты бойынша төраға орынбасары қызметін атқарады.
- Әл Рамахи мырза сутек экономикасын дамытуға бағытталған, жетекші компаниялардың бас атқарушы директорлары басқаратын жаһандық бастама - Hydrogen Council директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Сонымен қатар, ол Мохаммед бен Рашид атындағы күн электр станциясы (Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Solar Park) жобасының сәйкесінше үшінші және төртінші кезеңдерін жүзеге асыратын Shuaa 3 және Shuaa 4 компанияларының, сондай-ақ Masdar компаниясының Грекия мен Шығыс Еуропадағы платформасы - Terna Energy компаниясының директорлар кеңесінің құрамына кіреді.
- Әл Рамахи мырза Біріккен Араб Әмірліктері мен аталған елдер арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макроннан ұлттық еңбегі үшін орденмен, сондай‑ақ Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтен Достық орденімен марапатталған.
- Әл Рамахи мырза Энергетика институтының Құрметті мүшесі болып табылады, сондай-ақ S&P Global Platts нұсқасы бойынша 2023 жылдың бас атқарушы директоры деп танылған және бірқатар өзге де халықаралық беделді марапаттарға ие болған.

Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы
Директорлар кеңесінің мүшесі,
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы
Сайланған күні: сәуір 2023 ж.
Білімі:
- Ресей Федерациясының СІМ Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, халықаралық экономикалық қатынастар факультеті - Экономика бакалавры, Экономика магистрі, Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек қызметі:
- Нұрлан Қаршығаұлы 2001-2003 жылдары Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығында (ENRC) қаржы талдаушысы болып жұмыс істеді.
- 2003-2004 жылдары Chambishi Metals PLC (Замбия, Китве қ.)
- бизнес-менеджері және 2004-2007 жылдары Research, Investment and Development Ltd. жобалық менеджері болды.
- 2007-2009 жылдары Credit Suisse базалық материалдар тобында биржада сауда жасайтын компаниялардың акцияларының құны бойынша талдаушы болып жұмыс істеді.
- 2009-2011 жылдары «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарушы директоры, Басқарма мүшесі болды.
- 2011-2012 жылдары «RBS (Kazakhstan)» Еншілес банкі» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, Астана қаласындағы өкілдігінің басшысы болды.
- 2012-2016 жылдары Инвестициялық банкинг департаментінің атқарушы директоры, Астана қаласындағы UBS AG Almaty Representative Office өкілдігінің басшысы болып жұмыс істеді.
- 2016-2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ даму және инвестициялар жөніндегі басқарушы директоры - Басқарма мүшесі болды; 2017-2019 жылдары «Астана» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
- 2019-2020 жылдары Қазақстанда Rothschild & Co өкілі болды.
- 2020 жылдан бастап 2023 жылғы сәуірге дейін «Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company» Ltd. Басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
- 2023 жылдың 4 сәуірінен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Қор Директорлар кеңесінің құрамы 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ұсынылған.
Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Досаев Е.А.-ның өкілеттігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 наурыздағы Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан босатылуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды.
2025 жылға арналған Қордың Директорлар кеңесінің құрамындағы өзгерістер
| Күні | Директорлар кеңесінің мүшесі | Оқиға |
|---|---|---|
| 2025 жылдың 20 желтоқсаннан бастап | Досаев Ерболат Асқарбекұлы | Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымы бойынша Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды |
| 2025 жылдың 12 сәуірден бастап 2025 жылдың 25 қыркүйекке дейін | Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы | Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымы бойынша Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды |
| 2024 жылдың 21 маусымынан бастап 2025 жылдың 17 ақпанына дейін | Жамаубаев Ерұлан Кенжебекұлы | Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесші лауазымы бойынша Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды |
| 2025 жылдың 26 қыркүйектен бастап | SKAI (Samruk‑Kazyna Artificial Intelligence) | Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды |
Директорлар кеңесінің 2025 жылғы жұмысы
2025 жыл ішінде Директорлар кеңесінің
отырысы
өткізілді
Барлығы 79 мәселе
қаралды
2025 жылы Директорлар кеңесі белгіленген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес Қордың қызметіне стратегиялық басшылық пен бақылауды жүзеге асырды. Отырыстар шеңберінде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге, басқарудың тиімділігін арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған мәселелер қарастырылды.
Директорлар кеңесінің отырыстары Қордың Директорлар кеңесінің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткізілді. Директорлар кеңесі мен оның комитеттерінің отырыстарын ұйымдастыру дауыс берудің бетпе-бет немесе сырттай түрін пайдалана отырып жүзеге асырылды.
2025 жыл ішінде Директорлар кеңесінің 21 отырысы өткізілді, оның ішінде 5-і бетпе-бет және 16-і сырттай өтті. Барлығы 79 мәселе қаралды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданып, 213 тапсырма берілді.
Директорлар кеңесінің 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңдегі қызметін талдау отырыстар санының 10-нан 21-ге дейін өскенін куәландырады. Бір мезгілде бір отырысқа сұрақтардың орташа санының төмендеуі байқалады, бұл күн тәртібіне қойылған мәселелердің терең қаралуын көрсетеді. 2025 жылы отырыстарды сырттай форматта өткізу үрдісі сақталды.
| Көрсеткіш | 2019 | 2020 | 2021 | 2022 | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|---|---|---|---|
| Кездесулер саны | 10 (6 тікелей/ 4 сырттай) | 15 (5 тікелей/ 10 сырттай) | 10 (8 тікелей/ 2 сырттай) | 18 (12 тікелей/ 6 сырттай) | 20 (8 тікелей/ 12 сырттай) | 17 (4 тікелей/ 13 сырттай) | 21 (5 тікелей/ 16 сырттай) |
| Сұрақтар саны | 88 | 101 | 116 | 121 | 111 | 83 | 79 |
| Бір отырысқа арналған сұрақтардың орташа саны (бүтінге дейін дөңгелектенген) | 9 | 7 | 12 | 7 | 6 | 5 | 4 |
2025 жылы Директорлар кеңесінің отырыстарына қатысу туралы ақпарат
| № | Директорлар кеңесінің мүшесі, лауазымы | Қатысу/2025 жылы Директорлар кеңесі отырыстарының жалпы саны |
|---|---|---|
| 1 | О.А. Бектенов - Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | 21/21 |
| 2 | Е.К. Жамаубаев - Директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі | 2/2 |
| 3 | Қ. Б. Шарлапаев - Директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі | 8/11 |
| 4 | Е.А. Досаев - Директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары | 0/3 |
| 5 | Б.Б. Жәмішев - тәуелсіз директор | 21/21 |
| 6 | Л. Сутера - тәуелсіз директор | 19/21 |
| 7 | Әл Рамахи М. - тәуелсіз директор | 21/21 |
| 8 | Х.Ф. Вонг - тәуелсіз директор | 21/21 |
| 9 | Н.К. Жақыпов - Директорлар кеңесінің мүшесі, Қор басқармасының төрағасы | 21/21 |
| 10 | SKAI - Директорлар кеңесінің мүшесі | 6/7 |
Ескерту: Директорлар кеңесінің мүшелері негізді себептерге байланысты Қордың Директорлар кеңесінің отырыстарына қатысқан жоқ.
Қордың ұйымның ұзақ мерзімді құнын арттыру және тұрақты дамуы жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін директорлар кеңесі қабылдаған шаралар
- 2024 жылы Директорлар кеңесі ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуге және активтерді басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі шешімдерді қабылдай отырып, Қордың қызметін стратегиялық басқаруды қамтамасыз етті.
- Директорлар кеңесі 2026-2030 жылдарға арналған орта мерзімді кезеңге міндеттер қою және Қордың 2024-2028 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспары шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қор қызметінің негізгі көрсеткіштерінің орындалуына мониторинг жүргізу шеңберінде маңызды салалық бастамаларды қарастырды.
- Қор тобы компанияларының инвестициялық жобаларының мониторингіне ерекше назар аударылды. Жобаларды уақтылы іске асыру үшін жауапкершілікті арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап осындай жобалар бойынша негізгі міндеттер келесі жылға көшумен Қордың мотивациялық көрсеткіштер жүйесіне енгізілді.
- 2025 жылғы тамыз айында Директорлар кеңесі корпоративтік негізгі «Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру» көрсеткішін жобалар тізбесін кеңейту бөлігінде қайта қарады. Аталған тізбеге Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында іске асырылатын жобалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 724 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде полиэтилен өндіру жөніндегі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің перспективалы геологиялық барлау жобаларын іске асыру жөніндегі тапсырмасы енгізілді.
- Жобаларды іске асыруды мониторингтеу барысында Директорлар кеңесі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде мемлекеттік органдар деңгейінде қажетті шешімдерді келісуді қоса алғанда, жобалардың негізгі кезеңдерін орындау үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар әзірледі.
- Директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысы шеңберінде жекешелендіру жоспарын іске асыруға белсенді түрде қатысып, Қор тобы активтерін бәсекелестік ортаға шығару мәселелеріне қатысты негізгі мәселелердің қаралуын қамтамасыз етті. 2025 жылдың соңында Қор тобы активтерінің бірі бойынша, ірі өндірістік кәсіпорындағы қатысу үлесін қамтитын акциялар пакетін бәсекелестік ортаға беру тәсілін айқындау жөнінде шешімдер қабылданды. Директорлар кеңесі аталған қаулыны орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіру жоспарларының іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі есепті жылына екі рет — 2024 жылдың қорытындысы бойынша және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін — қарады.
- Директорлар кеңесінің кезекті бетпе-бет отырысында 2025 жыл ішінде негізгі оқиғалар туралы ақпаратты, өндірістік және қаржылық көрсеткіштер бойынша жедел деректерді, Қор тобының сатып алуларында отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы ақпаратты, компаниялар тобының қайырымдылық қызметі мен Қор жоспарларын қамтитын Қордың СЕО ақпараттық есептерін тыңдау өткізілді. Осы есеп шеңберінде Қордың Директорлар кеңесінің тапсырмасына сәйкес ҒЗТКЖ дамыту саласындағы жұмыстың орындалу барысы туралы ақпарат берілді.
2025 жылы Директорлар кеңесі Қордың және оның портфельдік компанияларының тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуіне қадағалауды жүзеге асырды, тәуекелдерді басқаруды корпоративтік басқарудың негізгі құралы ретінде қарастырды. Маңызды тәуекелдер бойынша тоқсан сайынғы шоғырландырылған есептер оларды дайындау сәтіндегі өзекті қаржылық деректерді ескере отырып қалыптастырылып, есепті кезең аяқталғаннан кейін бір айдан кешіктірмей Директорлар кеңесінің мүшелеріне ұсынылды.
Жыл бойы Директорлар кеңесі тәуекелдер картасының қызыл аймағында тұрған тәуекелдерді, оның ішінде:
- ірі басым инвестициялық жобаларды іске асыру тәуекелдерін;
- өтімділік және қаржылық ковенанттарды сақтау тәуекелдерін;
- кибертәуекелдерді;
- өндірістік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді;
- әлеуметтік және беделдік тәуекелдерді
- қарастырды, бұл тәуекелдерді басқару жөніндегі іс‑шаралардың іске асырылу барысына уақтылы ақпараттандыру мен бақылауды қамтамасыз етті.
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 744 Жарлығына сәйкес жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Директорлар кеңесі жұмысшы мамандықтарды дамыту жөніндегі іс‑шараларды өткізу бастамасын қолдады. Осы бастама шеңберінде Қор тобы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін шешудегі әлеуметтік қолдау саясаты бекітілді, ол ең алдымен тұрғын үйге мұқтаж немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін жұмысшы және өндірістік‑техникалық мамандықтар қызметкерлеріне бағытталған.
- 2025 жылы Директорлар кеңесі Қордың және оның еншілес ұйымдарының ішкі нормативтік құжаттарын өзектендіру жөнінде шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, төмендегі бірқатар негізгі ережелерге өзгерістер енгізілді:
- іс‑шаралар жоспарларын әзірлеу және орындау қағидалары;
- инвестициялық саясат;
- компаниялардың құнын бағалау рәсімдері;
- сондай‑ақ Қордың қызметіне және оның активтерін басқаруға қатысты өзге де реттеуші рәсімдер. Қабылданған шаралар корпоративтік рәсімдерді жүйелеуге, басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етті.
- Есепті жылы Директорлар кеңесі деңгейінде негізгі есептер, оның ішінде Корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелеріне сәйкестігі туралы есеп қаралып, бекітілді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметімен өзараәрекеттесу туралы келісімнің іске асырылу барысы туралы есеп назарға алынды.
- Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында Директорлар кеңесі 2024 жылға арналған жылдық есеп пен Тұрақты даму есебін бекітті. Тұрақты даму саласындағы есеп GRI халықаралық стандарттарына сәйкес дайындалды және ISAE 3000 стандартына сәйкес «ПрайсуотерхаусКуперс» ЖШС тәуелсіз сыртқы куәландырудан өтті, сондай‑ақ GRI стандарттарын дұрыс қолдану тұрғысынан GRI Services қызметі тарапынан тексеруден сәтті өтіп, GRI Services Content Index қызметінің түпнұсқа белгісін алды.
Директорлар кеңесі 2025 жылы қараған ең маңызды мәселелер:
Есептемелер
- CEO есебі
- Қор тобының ірі инвестициялық жобаларының мониторингі
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысын орындау шеңберінде Қордың және оның еншілес ұйымдарының активтерін сатуға шығару барысы туралы есеп
- Трансформация бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы есеп
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қор арасындағы Өзара әрекеттесу туралы келісімнің іске асырылу барысы туралы есеп
- Директорлар кеңесі комитеттерінің 2024 жылғы қызметі туралы есептер
- Тәуекелдер туралы тоқсан сайынғы есеп
- Қордың 2024-2028 жылдарға арналған 2024 жылғы Іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есеп
- 2024 жылғы Қайырымдылық бағдарламасының орындалуы туралы есеп
Стратегиялық мәселелер және мәмілелер жасасу мәселелері
- Қордың 2026-2030 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарын және Қордың 2026 жылға арналған бюджетін бекіту
- Жылдық қаржылық есептілікті және 2024 жылғы таза табысты бөлу тәртібін бекіту
- Қор қызметінің мотивациялық негізгі көрсеткіштерін бекіту
- Қордың облигацияларын шығару және оларды шығару шарттарын айқындау жолымен қаражат тарту
- Жасалуына мүдделілік бар мәмiлелер жасасу
- Активтерді бәсекелестік ортаға берудің кейбір мәселелері туралы
- Басқа заңды тұлғаларға қатысу үлестерін сатып алу, иеліктен шығару
- Қордың басқа заңды тұлғалардың қызметіне қатысуының кейбір мәселелері туралы
Корпоративтік басқару мәселелері
- Директорлар кеңесінің 2026 жылға арналған Жұмыс жоспарын бекіту
- 2024 жылғы Жылдық есепті бекіту
- Тұрақты даму саласындағы 2024 жылғы есепті бекіту
- Комитеттер қызметінің мәселелері, олардың құрамын қоса алғанда
- 2024 жылғы Корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелерін сақтау/ сақтамау туралы есепті бекіту
Ішкі нормативтік құжаттарды бекіту
- Қордың ішкі нормативтік құжаттарының өзгерістерін бекіту
Директорлар кеңесіне есеп беретін құрылымдардың мәселелері
- Комплаенс қызметінің, Ішкі аудит қызметінің және Омбудсменнің есептері
- Ішкі аудит қызметінің кадрлық мәселелері
Қор тобы бойынша корпоративтік басқарудың тиімділігін одан әрі арттыру
Корпоративтік басқаруды күшейту - компаниялардың ұзақ мерзімді құнын арттырудың негізгі аспектілерінің бірі. Корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжірибелерін іске асыру акционерлер мен инвесторлар тарапынан қорға деген сенім деңгейін арттыруға, қарыз капиталының құнын төмендетуге және нәтижесінде компанияның ұзақ мерзімді құнын арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы Қор осы бағытта бірқатар іс-шаралар өткізді.
Бірыңғай Корпоративтік басқару кодексін енгізу
Қор Басқармасының 2025 жылғы 3 шілдедегі №33/25 шешіміне сәйкес Қор тобына кіретін ұйымдар үшін Бірыңғай корпоративтік басқару кодексін енгізу негізгі нәтижелердің бірі болды. Аталған бастама Қордың, сондай-ақ оның еншілес және тәуелді ұйымдарының корпоративтік басқару дербестігін, сапасын және тәуелсіздігін арттыруға бағытталды. Кодекстің енгізілуі корпоративтік басқарудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруды, тәсілдердің өзара салыстырмалылығын қамтамасыз етуді және барлық портфельдік компаниялар бойынша корпоративтік тәжірибелерді біріздендіруді қамтамасыз етті.
Есепті жыл ішінде Қор тобының негізгі корпоративтік құжаттарын өзектендіру жұмыстары да жүргізілді. Атап айтқанда, директорлар кеңестері мен байқаушы кеңестердің құрамын қалыптастыру қағидалары, портфельдік компаниялармен өзара іс-қимыл саясаты, сондай-ақ ақпаратты ашу саласындағы құжаттар қайта қаралды. Бұдан бөлек, директорлар кеңестерінің жұмыс жоспарлары, қызмет туралы есептер, корпоративтік басқару және ESG бағыттары бойынша жоспарлар, сондай-ақ корпоративтік хатшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) сияқты құжаттардың үлгілік нысандары әзірленіп, енгізілді.
Қордың әдіснамалық рөлін күшейту және өзара іс-қимыл сапасын арттыру мақсатында портфельдік компаниялармен тұрақты негізде кеңестер өткізуді қамтитын тұрақты коммуникациялық платформа құрылды.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету
Мемлекет басшысының мемлекеттік қатысуы бар компаниялардың басқару органдарында әйелдер үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде директорлар кеңестері мен атқарушы органдар құрамында әйелдердің ұсынылуын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Аталған міндет аясында Қор тұрақты негізде портфельдік компаниялардың директорлар кеңестері мен байқаушы кеңестері құрамындағы әйелдердің үлесіне талдау жасап, мониторинг жүргізеді. Қор және оның портфельдік компаниялары Қазақстан Республикасының заңнамасына, Кодекс талаптарына және Қордың ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес келетін әйел кандидаттарды іздеу және іріктеу жұмыстарын жүзеге асырады.
2025 жылы басқару органдарының құрамына 9 әйел сайланып және қайта сайланып, бұл әйелдердің өкілдігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Оң серпінге қарамастан, аталған көрсеткіш белгіленген мақсатты деңгейден төмен болып қалып отыр, бұл кадрлық пулды одан әрі кеңейтуді және жүйелі шараларды күшейтуді талап етеді.
ДК/ЖК НС құрамдарын жаңарту
Қордың Корпоративтік басқару кодексінің ережелеріне сәйкес Қор компанияларының директорлар кеңестері мен байқаушы кеңестерінде, сондай-ақ олардың жанындағы комитеттерде компания мүддесі үшін тәуелсіз, объективті және тиімді шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін дағдылардың, тәжірибенің және білімнің теңгерімі сақталуы тиіс.
Осыған байланысты Қор компанияларының мақсаттары, міндеттері, даму жоспарлары мен салалық қызмет бағыттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасы, Қордың Корпоративтік басқару кодексі және Қордың ішкі нормативтік құжаттары талаптарына сәйкес Қордың портфельдік компанияларындағы директорлар кеңестері мен байқаушы кеңестер құрамының кәсіби сапасын жүйелі түрде жаңарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Ақпараттың ашықтығы мен ашылуын қамтамасыз ету
Қор Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес, атап айтқанда «Акционерлік қоғамдар туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қордың Корпоративтік басқару кодексі мен Қордың ақпаратты ашу және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін ішкі құжаттарына сәйкес ақпаратты ашады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қордың жарғысында айқындалған тәртіппен Жалғыз акционердің ақпарат алу құқықтарын толық көлемде іске асыруды қамтамасыз ету, мүдделі тараптар үшін Қор қызметінің маңызды аспектілерінің ашықтығын қамтамасыз ету, Қордың тиісті корпоративтік басқару стандарттарын ұстануға дайын екенін растау, сондай-ақ Қордың оң имиджін қалыптастыру және қолдау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Ақпаратты ашу саясаты бекітілді.
Корпоративтік басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Қор халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды белсенді түрде жалғастырып, сараптамалық шолуларға қатысу және 2026–2029 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын әзірлеу жұмыстарын жүзеге асырды.
Сонымен қатар корпоративтік басқаруды дамыту, кадрларды даярлау және озық тәжірибелерді енгізу бағыттары бойынша QID, PwC, KPMG және Samruk Business Academy сияқты бейінді ұйымдармен және консультанттармен ынтымақтастық одан әрі дамытылды.
Корпоративтік басқару саласындағы өзге бастамалар
Есепті кезеңде Қор цифрландыруды ілгерілетуге, басқару сапасын арттыруға және корпоративтік басқарудың институционалдық ортасын дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды іске асырды.
Негізгі бағыттар:
- құжаттарды талдау және директорлар кеңестерінің қызметін бағалау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын енгізу;
- корпоративтік хатшылар институтын дамыту және үлгілік құжаттарды әзірлеу;
- бірыңғай Корпоративтік басқару кодексін енгізу есебінен Қор тобы шеңберінде тәсілдерді біріздендіру.
Іске асырылған бастамалар басқару органдары қызметін бағалаудағы субъективтілікті төмендетуге, келісу рәсімдерін жеделдетуге және неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға ықпал етті.
2026 жылға жоспарланған негізгі жұмыстар
- шешімдерді дайындау және қабылдау процестеріне заманауи цифрлық құралдар мен аналитикалық шешімдерді енгізу;
- портфельдік компаниялардың ішкі нормативтік құжаттарын өзектендіру жұмыстарын аяқтау;
- корпоративтік басқару және ESG күн тәртібі бойынша мониторингті күшейту;
- заңнама талаптарын және гендерлік теңгерімді арттыру міндеттерін ескере отырып, басқару органдарының құрамдарын жаңарту;
- оқыту тәжірибесін кеңейту және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыту, оның ішінде ЭЫДҰ ұсынымдарын енгізу.
Директорлар кеңесінің қызметін бағалау
Қор Директорлар кеңесінің қызметін бағалау «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің, Директорлар кеңесі комитеттерінің, Төрағасының және мүшелерінің қызметін бағалау туралы ережеге сәйкес жүргізіледі. Аталған ереже Қор Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 27 қазандағы №226 шешімімен бекітілген.
Есепті жылы Директорлар кеңесінің төрағасы басшылығымен Директорлар кеңесі мүшелерін, оның комитеттерін және Корпоративтік хатшы қызметін сауалнама жүргізу арқылы өзін-өзі бағалау форматында Қор Директорлар кеңесінің қызметіне бағалау жүргізілді. Жалпы алғанда, Директорлар кеңесінің мүшелері оның жұмысын оң бағалап, Директорлар кеңесі Қордың миссиясын, пайымын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен негізгі міндеттерін, проблемалары мен құндылықтарын толық көлемде түсінетінін және негізгі мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде аталған факторлардың барлығын ескеретінін атап өтті.
Директорлар кеңесі жанындағы комитеттер
Директорлар кеңесінің шешімдері тиісті комитеттерде жан-жақты қаралғаннан кейін, әрбір мәселені талқылау мен талдауға жеткілікті уақыт бөлінуі арқылы жай көпшілік дауыспен қабылданады.
Комитеттер Директорлар кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелерді терең талдау мен мұқият зерделеуді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады, осылайша қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Комитеттер неғұрлым маңызды және стратегиялық мәні бар мәселелерді алдын ала қарау, сондай-ақ Директорлар кеңесіне ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылады. Комитеттердің болуы Директорлар кеңесі мүшелерін Директорлар кеңесінің құзыреті шеңберінде қабылданған шешімдер үшін жауапкершіліктен босатпайды. Комитеттер төрағалары жыл сайын Директорлар кеңесіне комитеттердің қызметі туралы есептерді, оның ішінде қаралған негізгі мәселелер мен әзірленген ұсынымдар туралы ақпаратты ұсынады. Аталған есептерді қарау Директорлар кеңесіне корпоративтік басқару жүйесіндегі комитеттердің үлесін және олардың қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Аудит жөніндегі комитет
Комитеттің рөлі
Аудит жөніндегі комитет Қордың Директорлар кеңесінің консультативтік‑кеңесші органы болып табылады және Қордың Директорлар кеңесіне қаржылық есептіліктің тұтастығына, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйелерінің тиімділігіне, сондай‑ақ корпоративтік басқару қағидаттары мен қолданыстағы заңнаманың сақталуына және сыртқы әрі ішкі аудиттің тәуелсіздігіне бақылау функцияларын орындауға жәрдемдесу мақсатында құрылған.
Сонымен қатар, Аудит жөніндегі комитет Қордың Директорлар кеңесіне сыртқы аудиторларды тағайындау немесе қайта тағайындау туралы ұсыныстар береді.
Корпоративтік басқару кодексінің ережелеріне сәйкес, бухгалтерлік есеп және аудит, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау салаларында терең білімі мен практикалық тәжірибесі бар тәуелсіз директорлар ғана Аудит жөніндегі комитеттің мүшелері бола алады.
Аудит жөніндегі комитет құрамындағы өзгерістер
2025 жылы Аудит жөніндегі комитетінің құрамында өзгерістер болған жоқ. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша комитет құрамы:
- Лука Сутера - тәуелсіз директор, Комитет төрағасы;
- Жәмішев Болат Бидахметұлы - тәуелсіз директор, Комитет мүшесі;
- Вонг Хэн Файн - тәуелсіз директор, Комитет мүшесі.
Аудит жөніндегі комитеттің 2025 жылғы жұмысы
Есепті жылы Аудит жөніндегі комитет сыртқы және ішкі аудит, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесі, қаржылық есептілік, корпоративтік басқару және комплаенс саласындағы 51 мәселені қарады. Қордың Директорлар кеңесіне ұсынылатын материалдардың, сондай-ақ ұсынымдардың сапасын арттыру мақсатында Аудит жөніндегі комитет қатысушылардың санын ескере отырып, күн тәртібінің әрбір тармағын қарауға және талқылауға жеткілікті уақыт бөлу үшін отырыстарды жоспарлауға және дайындауға ерекше назар аударды.
Сыртқы аудит мәселелері бойынша
- «Самұрық‑Қазына» АҚ аудиторының ауысуы жөніндегі жоспардың мәртебесі қаралды;
- 2024 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл үшін аудитті жоспарлау туралы есеп қаралды;
- 2024 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жылдағы Қордың шоғырландырылған және жеке қаржылық есептілігінің аудит нәтижелерін, сондай‑ақ аудиторлардың тәуелсіздігіне қатысты мәселелер қаралды;
- 2025 жылғы 30 маусымда аяқталған 3 және 6 ай үшін Қордың аралық қысқартылған шоғырландырылған және жеке қаржылық есептілігіне жүргізілген шектеулі шолу рәсімдері туралы ақпарат назарға алынды.
- 2025 жылы Қор тобы үшін орындалған аудиторлық және аудиторлық емес қызметтер туралы ақпаратты қарады;
- Қор мен оның еншілес ұйымдары үшін аудиторлық емес кеңесшілік қызметтер көрсетуге қатысты мәселелерді қарады және мақұлдады.
Ішкі аудит мәселелері бойынша
- Бекітілген Жылдық аудиторлық жоспарға сәйкес 2024 жылғы жылдық есепті және 2025 жылғы 1-3 тоқсандағы тоқсандық аудиторлық есептерді қарады, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер бойынша есептерді қарастырды;
- Ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің қызметінің тиімділігіне және есепті жылға арналған олардың жеке даму жоспарларына бағалау жүргізілді;
- Ішкі аудит қызметі қызметкерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты мәселелер қаралып, мақұлданды;
- Қызметкердің жалақысын тағайындау мен анықтауға байланысты мәселелерді қарастырды және мақұлдады;
- Ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің мақсаттары назарға алынды, сондай‑ақ 2025 жылға арналған Ішкі аудит қызметі басшысының мақсаттары Қордың Директорлар кеңесіне бекітуге мақұлданып, ұсынылды;
- Қызметтің тәуелсіз тексеру нәтижелері қаралып, мақұлданды;
- «Самұрық‑Қазына» АҚ Омбудсменінің, Корпоративтік хатшысының, Комплаенс қызметі басшысының және Ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбекақы төлеу, сыйақы беру, қызметін бағалау және әлеуметтік қолдау қағидаларына енгізілген өзгерістер қаралып, мақұлданды;
- Қор компаниялар тобының Ішкі аудит қызметтерімен бірлесіп синергетикалық аудиттер жүргізуді қоса алғанда, Ішкі аудит қызметінің 2026 жылға арналған Жылдық аудиторлық жоспарын мақұлдады.
Комплеанс қызметінің мәселелері бойынша
- 2024 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Комплаенс қызметінің есептерін қарады;
- 2024 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметтің тиімділігін, сондай-ақ 2024 жылдың екінші жартыжылдығындағы Комплаенс қызметі басшысының жеке даму жоспарларын бағалады;
- 2025 жылдың бірінші және екінші жартыжылдығына арналған мақсаттар картасы, сондай-ақ Комплаенс қызметінің басшысының 2025 жылға арналған жеке даму жоспары және Комплаенс қызметінің 2025 жылдың бірінші және екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары мақұлданып, Директорлар кеңесіне бекітуге ұсынылды;
- Қордың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты мен Қордың Комплаенс қызметі туралы ережесінің жаңа редакциясын бекіту бойынша Директорлар кеңесіне қаралып, ұсынымдар берілді;
- Комплаенс қызметі басшысының ұсынысы негізінде Комплаенс қызметіне қызметкерді тағайындау мәселесі қаралып, бекітілді;
- Қордың портфельдік компанияларындағы комплаенс функциялары басшыларының тиімділігін бағалау нәтижелері, 2024 жылғы Қордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері, сондай-ақ комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар зерттелді.
Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару мәселелері бойынша
- 2024 жылға және 2025 жылдың 9 айына арналған Қор тобының тәуекелдер бойынша шоғырландырылған тоқсандық және жылдық есептерін бекіту бойынша, оның ішінде тәуекелдер карталарын, тәуекелдер тізілімін және 2025 жылға арналған тәуекел-тәбет деңгейін айқындауды қамтитын мәселелер қаралып, Директорлар кеңесіне ұсынымдар берілді;
- 2025 жылға арналған ішкі бақылау жүйесін жетілдіру жөніндегі есеп, оның ішінде бақылау рәсімдерінің дизайны тиімділігін бағалау нәтижелері қаралып, назарға алынды;
- Жыл бойы Аудит комитеті тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты мәселелерге елеулі назар аударып, пікір алмасудың ашықтығы мен айқындығына, сондай-ақ негізгі тәуекелдерді жан-жақты әрі сапалы талқылауға ықпал етті.
Қаржылық есептілік мәселелері бойынша
- 2024 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл үшін Қордың жеке және шоғырландырылған қаржылық есептілігі қаралып, бекіту үшін Директорлар кеңесіне ұсынылды;
- 2025 жылғы 30 наурызда және 30 маусымда аяқталған 3 және 6 айлық кезеңдер үшін Қордың аралық қысқартылған шоғырландырылған және жеке қаржылық есептілігі қаралды.
Корпоративтік басқару мәселелері бойынша
- Қордың корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелерінің сақталуы және сақталмауы туралы есеп қаралып, бекіту үшін Директорлар кеңесіне ұсынылды;
- 2024 жылға арналған Қордың жылдық есебі және тұрақты даму туралы есебі қаралып, Директорлар кеңесіне бекітуге ұсынылды;
- Қордың корпоративтік есеп саясатына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мақұлданып, Директорлар кеңесіне бекітуге ұсынылды.
| № | Аудит жөніндегі комитеттің мүшесі | Лауазымы | Комитет отырыстарына қатысу (%) |
|---|---|---|---|
| 1 | Лука Сутера | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет төрағасы | 100% (20/20) |
| 2 | Жәмішев Болат Бидахметұлы | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет мүшесі | 100% (20/20) |
| 3 | Вонг Хэн Файн | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет мүшесі | 100% (20/20) |
Трансформация бағдарламасының іске асырылуын бақылау комитеті
Комитеттің рөлі
Трансформация бағдарламасының іске асырылуын бақылау комитеті Қордың Директорлар кеңесінің консультациялық- кеңесші органы болып табылды. Оның құзыретіне Қордың Директорлар кеңесіне Қордың Трансформация бағдарламасының іске асырылуын мониторингілеу және бағалау мәселелері бойынша, сондай-ақ Қор тобының активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу кірді.
Комитеттің 2025 жылғы жұмысы
2025 жылы Трансформация бағдарламасының іске асырылуын бақылау комитетінің 2 сырттай отырысы өткізілді.
Комитет отырыстары Комитеттің 2025 жылға арналған Жұмыс жоспарына сәйкес тұрақты негізде өткізілді, ол өз кезегінде Комитет қызметінің бірінші кезектегі және аса маңызды мәселелерін қамтыды. Аталған кезеңде Комитет өз құзыреті шеңберінде 4 мәселені қарады.
Комитет отырыстарында келесі мәселелер қаралып, талқыланды:
- «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесі жанындағы Трансформация бағдарламасының іске асырылуын бақылау комитетінің 2024 жылғы қызметі туралы есеп;
- «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесі жанындағы Трансформациялау бағдарламасының іске асырылуын бақылау комитетінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы;
- 2024 жылдың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысын орындау шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ және оның еншілес ұйымдарының активтерін сатуға шығару барысы туралы есеп (екі рет);
- «Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның Трансформация бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы есеп.
Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Комитет Директорлар кеңесіне тиісті ұсынымдар әзірледі.
Трансформация бағдарламасының іске асырылуын Бақылау комитетінің қызметін тоқтату
«Самұрық-Қазына» АҚ тобының портфельдік компанияларын цифрландыруға және жаңғыртуға бағытталған трансформация бағдарламасын іске асырудың аяқталуына, сондай-ақ топтың ағымдағы операциялық қызметі шеңберінде қалған іс-шаралар мен жобалардың ауысуына байланысты Қордың Директорлар кеңесі Трансформация бағдарламасының іске асырылуын Бақылау комитетінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады (2025 жылғы 23 сәуірдегі №251 шешім).
| № | Трансформация бағдарламасының іске асырылуын Бақылау комитетінің мүшесі | Лауазымы | Комитет отырыстарына қатысу (%) |
|---|---|---|---|
| 1 | Бектенов Олжас Абайұлы | Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Директорлар кеңесінің төрағасы, Комитет төрағасы | 100% (2/2) |
| 2 | Жәмішев Болат Бидахметұлы | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет мүшесі | 100% (2/2) |
Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеті
Комитеттің рөлі
Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі Комитет ұсынымдар беруге және мынадай мәселелер бойынша ұсыныстар қалыптастыруға жауап береді:
- Басқарма мүшелерін сайлау (Басқарма төрағасын қоспағанда);
- Басқарма төрағасы мен мүшелеріне, Омбудсменге және Корпоративтік хатшыға еңбекақы төлеудің және сыйлықақы берудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
- Қордың корпоративтік ПӘК-ін және Басқарма мүшелерінің функционалдық ПӘК-ін қарастыру;
- Қордың кадр саясатын және Директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерін лауазымға енгізу саясатын қарау.
Тағайындаулар және сыйақылар жөніндегі комитеттің құрамындағы өзгерістер
Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі Комитет негізінен тәуелсіз директорлардан құрылады. Мұндай құрылым мүдделі тараптардың комитет мүшелерінің пікірлері мен пайымдарына әсер ету мүмкіндігін болдырмай, шешім қабылдауда объективтілік пен тәуелсіздікке арналған. 2025 жылы Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитет құрамында өзгерістер болған жоқ.
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Комитет құрамына келесі тұлғалар кірді:
- Бектенов Олжас Абайұлы - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі - Комитет төрағасы;
- Мұхаммед Джамиль Исмаил Әл Рамахи - тәуелсіз директор, Комитет мүшесі;
- Лука Сутера - тәуелсіз директор, Комитет мүшесі.
Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің 2025 жылғы жұмысы
2025 жылы Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің 8 сырттай отырысы өткізілді.
Комитет отырыстары Комитеттің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес тұрақты негізде ұйымдастырылды, оған Комитет қызметінің бірінші кезектегі және маңызды мәселелері кірді. Аталған кезеңде Комитет өз құзыреті шеңберінде 13 мәселені қарады.
Комитет отырыстарында келесі мәселелер қаралып, талқыланды:
- 2025 жылғы 13 маусымнан бастап Қор Басқармасының құрамына стратегия және активтерді басқару жөніндегі қос‑басқарушы директор Таубаев Б.Р.-ны, сондай‑ақ 2025 жылғы 14 қарашадан бастап цифрландыру жөніндегі басқарушы директор лауазымына Оспанов А.Е.-ні сайлау туралы;
- «Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның 2025 және 2026 жылдарға арналған мотивациялық негізгі тиімділік көрсеткіштері карталарын, сондай‑ақ 2024 жылға арналған нақты деректерді бекіту туралы;
- «Самұрық-Қазына» АҚ омбудсмені мен «Самұрық-Қазына» АҚ тобына кіретін ұйымдар қызметінің кейбір мәселелері туралы (екі рет);
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің Тағайындаулар және сыйақылар жөніндегі комитетінің қызметі туралы есеп;
- «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің Тағайындаулар және сыйақылар жөніндегі комитетінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы.
Комитет мүшелерінің 2025 жылғы отырыстарға қатысуы
| № | Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің мүшесі | Лауазымы | Комитет отырыстарына қатысу (%) |
|---|---|---|---|
| 1. | Бектенов Олжас Абайұлы | Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы, Комитет төрағасы | 100% (8/8) |
| 2. | Мұхаммед Джамиль Исмаил Әл Рамахи | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет мүшесі | 100% (8/8) |
| 3. | Лука Сутера | Тәуелсіз директор, Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі, Комитет мүшесі | 100% (8/8) |
Мамандандырылған комитет
Мамандандырылған комитет Қор тобының құрамына кіретін ұйымдар қызметінің тұтастай немесе нақты саланың экономикалық дамуына әсерін кешенді және объективті талдауды жүзеге асырады. Талдау Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, республикалық бюджеттен қаражатты пайдалануға, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктер мен активтерге байланысты мәселелерді қарауды болдырмайды.
2023 жылғы 13 маусымда Қорға Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (бұдан әрі - ЖАП) №1-12-16/674/1029 хаты келіп түсті, онда Арнайы комитет құрамына ЖАП-ты енгізу Арнайы комитет құрамындағы ЖАП-тың тұрақты мүшелігі және Қордың ІАҚ болған кезде ішкі тексеру іс-шараларына қатысу Қорға қатысты ЖАП-тың аудиторлық іс-шараларында мүдделер қақтығысына алғышарттар жасауы себебінен мүмкін емес екені көрсетілген.
ЖАП-тың жоғарыда көрсетілген ұстанымын ескере отырып, сондай-ақ ЖАП-тың қатысуынсыз Мамандандырылған комитеттің жұмысын жалғастыру қажеттігі жоқ екенін назарға ала отырып, Қор Мамандандырылған комитетті тарату бөлігінде «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.